Ақмола облысында Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі басымдықтар Халық Кеңесінің төрағасымен талқыланды

    1 / 12

    Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында қоғам өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен, ғылыми қауымдастық және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Кездесуге өңір басшысы Марат Ахметжанов та қатысты. Жиында Мемлекет басшысының «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттары және оларды өңірде іске асыру мәселелері талқыланды.

    «Президент Жолдауы – Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, жан-жақты жаңғыруға серпін беретін маңызды стратегиялық бағдар. Ақмола облысының тұрғындары еліміздің өркендеуіне бағытталған жаңа реформаларды белсенді қолдап, оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді.

    Біз үшін Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына «УК Строй» ЖШС директоры Манат Мусиннің, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Бағдат Рахметулинаның және Құрылыс-технологиялық колледжінің оқытушысы Алёна Малькова-Солопованың енгені ерекше мақтаныш. Сонымен қатар өңіріміздің тумасы Бэлла Газдиева да республикалық «Вайнах» этномәдени бірлестігінің өкілі ретінде Халық Кеңесінің құрамына кірді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

    Ерлан Қошанов соңғы жеті жылда елімізде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті. Осы кезеңде әлеуметтік салаға 88 трлн теңге бағытталып, 3,6 млн жұмыс орны құрылды. Ал шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 3,3 млн-нан 4,5 млн адамға дейін өсті.

    Бұл өзгерістердің нәтижесі Ақмола облысының дамуынан да көрініс табуда. Өңір өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, «жасыл» энергетиканы дамытып, инвестиция тарту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Нақты нәтижелердің бірі – Digital Aqmola цифрлық қауіпсіздік жүйесі. Оны енгізу нәтижесінде өңірдегі қылмыс деңгейі екі есеге жуық төмендеді. Сонымен қатар мемлекетке қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен Зерендідегі спорт мектебі мен Көкшетаудағы Kokshe Arena спорт кешенін қоса алғанда, жаңа әлеуметтік нысандар салынды.

    Алдағы міндеттерге тоқталған Халық Кеңесінің төрағасы саяси жаңғырудың, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық жобаларды іске асыру, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын әрі орта бизнесті дамытуға ықпал етуі тиіс.

    Ерлан Қошанов Жолдауда белгіленген әлеуметтік басымдықтарға да жеке тоқталды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласы мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 млн азаматты қамтиды. Бұдан бөлек, инклюзивті білім беруді дамыту міндеттері де белгіленді.

    Жұмыс сапары аясында Ерлан Қошанов пен Халық Кеңесінің мүшелері, оның ішінде Вера Ким, Нұртөре Жүсіп және Алёна Малькова-Солопова орман шаруашылығы қызметкерлерімен, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мен оқытушыларымен, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Кездесулер барысында өзекті мәселелер талқыланып, Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

    Сонымен қатар делегация Digital Aqmola орталығын, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №20 мектеп-гимназияны және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын аралады.

    Сапар қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов келіп түскен ұсыныстар мен өтініштер жүйеленіп, алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті. Өңір тұрғындарымен тікелей диалог орнату Халық Кеңесі қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары