Ақмола облысында Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

    1 / 7

    Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңір активімен кездесіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылады. Кездесу барысында облыстың алдағы даму бағыттары мен Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асыру жолдары қарастырылды.

    Жиынға облыс басшылығы, қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, мәслихат депутаттары және қоғам өкілдері қатысты.

    Кездесуді ашқан Марат Ахметжанов Президент Жолдауы ел дамуының стратегиялық бағдарларын айқындайтынын атап өтіп, экономиканы нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

    Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі өңір экономикасын дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп саласын өркендету және кәсіпкерлікті қолдау болды. Биыл облыста жалпы құны 392 млрд теңгені құрайтын, 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 158 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. «Ақмола» индустриялық аймағының жобалар портфеліне жалпы құны шамамен 2,1 трлн теңгені құрайтын 23 жоба кіреді. Оларды іске асыру нәтижесінде 5,7 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған.

    Кездесуде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыруға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге және инвесторлар тартуға ерекше назар аударылды. Экономикалық өсім жаңа өндіріс орындарын ашумен, жұмыс орындарын құрумен және салық түсімдерін арттырумен қатар жүруі тиіс. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

    Жиында ауқымды құрылыс мәселесі де кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға сәйкес, 2027 жыл Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы болып жарияланды. Бұл Ақмола облысында тұрғын үй құрылысын дамытуға, инженерлік желілерді жаңғыртуға, жолдар мен әлеуметтік нысандардың құрылысын өрістетуге тың серпін береді.

    2023–2025 жылдары өңірде 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 2025 жылы 6,6 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды. Биыл 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салып, шамамен 6,8 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсарту жоспарланып отыр.

    Бұл бағыттағы жұмыстар инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы да жалғасады. Кездесуде сумен жабдықтау, газдандыру, жылумен қамту және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері қаралды. Негізгі жобалардың қатарында Көкшетау жылу электр орталығының құрылысы, коммуналдық желілерді жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бар. Оларды жүзеге асыру инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, елді мекендердің одан әрі дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.

    Талқылаудың тағы бір маңызды бағыты агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналды. Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Биыл дәнді дақылдардың жалпы түсімі 6,2 млн тоннадан асты. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаумен қатар, облыста мал шаруашылығын дамыту, сүт-тауар фермаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобалары жүзеге асырылуда.

    Марат Ахметжанов мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланудың, өңдеу кәсіпорындарына инвестиция тартудың және су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Қосылған құны жоғары өнім өндіруге, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жобаларды дамытуға басымдық беріледі.

    Әлеуметтік салада халықтың мұқтаж топтарын атаулы қолдау, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін дамыту негізгі басымдықтар қатарында. Биыл облыста 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының желісін кеңейту және әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

    Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мемлекеттік органдар мен қоғамның күш-жігерін біріктіруді және әрбір бағыт бойынша жауапкершілікпен жұмыс істеуді талап ететінін атап өтті.

    «Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – еліміздің одан әрі дамуына негіз болатын маңызды бағдар. Онда айқындалған әділеттілік, даму және оптимизм қағидаттары әрбір азаматтың өмірінің және тұтас қоғамның тірегіне айналуы тиіс. Барлығымыздың ортақ міндетіміз – белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруға күш жұмылдырып, Жолдаудың негізгі бағыттарын облыс тұрғындарына түсіндіріп, Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды нақты істермен жүзеге асыру», – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары