Қазақстандық делегация ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 76-сессиясына қатысты

    1 / 7

    Копенгаген қ., 2026 ж. 27–29 қазан аралығында – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Бірінші вице-министрі Т.Сұлтанғазиев бастаған қазақстандық делегация ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 76-сессиясына қатысты. Іс-шараға ДДҰ Еуропалық өңіріне кіретін 53 мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы басшылары мен жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

    Өз сөзінде Т.Сұлтанғазиев ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін нығайтудың, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және халықты медициналық қызметтермен жаппай қамтуды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

    Негізгі іс-шаралардың бірі «Алма-Ата+50» алғашқы медициналық-санитариялық көмек мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі техникалық брифинг болды. Аталған іс-шара қолжетімділік, әділдік және халықтың қажеттіліктеріне бағдарлану қағидаттарына негізделген денсаулық сақтау жүйелерін нығайту тәсілдерін одан әрі дамытуға арналды.

    Сессия аясында ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы директорының міндетін атқарушы доктор К.Капуаномен, сондай-ақ Бельгия, Катар, Индонезия және САК делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізілді. Кездесулер барысында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

    Сонымен қатар, 28 қазанда сессия аясында ДДҰ Атқарушы кеңесінің құрамына кандидаттарды ұсынуға арналған жабық отырыс өтіп, онда Қазақстан атынан Т.Сұлтанғазиевтің кандидатурасы қаралды.

    Сессия қорытындысын шығара отырып, ДДҰ Бас директоры Т.Гебрейесус денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуды қамтамасыз етуде және ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің орнықтылығын нығайтуда алғашқы медициналық-санитариялық көмектің шешуші рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды.

    Қазақстандық делегацияның сессия жұмысына қатысуы Қазақстанның халықаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және орнықты әрі қолжетімді денсаулық сақтау жүйелерін дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілетуге бейілділігін растады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Швеция Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары