Лунд қ., 2026 ж. 26 қазан – Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов Alfa Laval швед компаниясының штаб-пәтеріне барып, компанияның «Өндірістік процестерге арналған технологиялық шешімдер» бизнес-бөлімшесінің Президенті Кристиан Томсенмен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстанның өнеркәсіптік және коммуналдық инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту аясында Alfa Laval компаниясының елдегі қызметін кеңейту перспективаларын талқылады. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде мұнай-газ және мұнай-химия өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сондай-ақ жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту атап өтілді.
О.Сүлейменов Қазақстанның швед компанияларымен өнеркәсіптік кооперацияны жаңа деңгейге көтеруге, атап айтқанда, жабдық жеткізуден сервистік қуаттарды дамытуға, өндірісті жергіліктендіруге, технологиялар трансферті мен инвестициялық ынтымақтастыққа көшуге мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда Alfa Laval компаниясына Қазақстандағы қызмет ауқымын кеңейту және елімізді Орталық Азия өңіріндегі қызметін дамытуға арналған өңірлік платформа ретінде пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Елші сондай-ақ инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерімен, оның ішінде KAZAKH INVEST тарапынан көрсетілетін сүйемелдеу шараларымен, арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерімен және инвестициялық преференциялармен таныстырды.
Анықтама:Alfa Laval – 1883 жылы құрылған, штаб-пәтері Лунд қаласында орналасқан швед халықаралық өнеркәсіптік компания. Компания үш негізгі технологиялық бағытқа – жылу алмасу, сепарация және ағындарды басқару салаларына маманданған. Alfa Laval шешімдері энергетика, мұнай-газ, тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, су тазарту және теңіз секторларында кеңінен қолданылады. Аталған технологиялар энергия тиімділігін арттыруға, су мен энергия тұтынуды азайтуға және қоршаған ортаға әсерді төмендетуге ықпал етеді.







