НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ ӨНДІРІСТІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

    1 / 7
    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында өндірістік парк пен индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен және жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты.
    Өңір басшысына аудан әкімі Серік Мамытов өндіріс орындарының қазіргі тыныс-тіршілігі, іске асырылып жатқан жобалар және алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
    Ауданда құрылыс материалдарын, мата, темір бұйымдарын, аяқ киім, медициналық мақта, термопанель, полиэтилен бұйымдарын өндіру, мия тамырын қайта өңдеу және химиялық жуғыш заттар шығару бағытындағы жобалар қолға алынған. Сонымен қатар арнайы және спорттық аяқ киімдер мен етік өндірісін дамытуға басымдық берілуде.
    Жұмыс сапары барысында Нұралхан Көшеров Асықата кентіндегі индустриялық аймақты аралап, бірқатар ірі инвестициялық жобаның жүзеге асу барысын көрді.
    Атап айтқанда, «MIR AGRO KZ» серіктестігінің жеміс сақтау қоймасы мен өндірістік жылыжай жобасымен танысты. Түркияның «Görkem Tarim» компаниясы қолға алған жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 30 млн долларды құрайды. Қазіргі таңда 8 мың тонна өнім сақтауға арналған қойманың құрылысы жүргізілуде. Оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2027 жылы 34 гектар аумақта өндірістік жылыжай салу көзделген. Жобалар аясында 40 тұрақты және 200 маусымдық жұмыс орны ашылады.
    Бұдан кейін облыс әкімі «Агро Сүт» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасының құрылысымен танысты. Құны 13,1 млрд теңгені құрайтын жоба 25 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 2 400 бас ірі қара ұсталып, жылына 20 мың тоннаға дейін сүт өндіру жоспарланған. Нәтижесінде 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өнімдер Қазақстан нарығымен қатар ТМД елдеріне де жеткізілмек.
    Жалпы, «Жетісай» индустриялық аймағында құны 26,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың толық іске қосылуы нәтижесінде 1 168 тұрақты жұмыс орны ашылады.
    Аталған жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнімдердің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.
    Облыс әкімі кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, инвестициялық жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуының маңызын атап өтті. Жауапты сала басшыларына кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетіп, өндіріс орындарының қуаттылығын арттыруға және жаңа бастамаларға қолайлы жағдай жасауға қатысты тапсырмалар берді.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары