1 / 11
Жамбыл облысында 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша экономикалық өсім 11,4 пайызды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі кеңейтілген мәжілісте айтылды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, есепті кезеңде экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасты.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 103,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1 пайызға өсті. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі үлесі 66,1 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 729,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Саладағы өсім 26,1 пайызды құрады.
Ауыл шаруашылығында 466,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 4,9 пайызға артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 286,2 млрд теңгеге жетіп, 7,1 пайызға өсті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 654,9 мың гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,3 пайызға жоғары.
Мал шаруашылығы өнімінің көлемі 178,6 млрд теңгені құрап, 1,8 пайызға ұлғайды. Ет өндірісі (тірі салмақта) 1,6 пайызға, сүт 1,9 пайызға, жұмыртқа 12,4 пайызға артты. Сонымен қатар ірі қара мал саны 7,7 пайызға, қой 9 пайызға, жылқы 11,2 пайызға және құс саны 23,5 пайызға көбейді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 721,9 млрд теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға артық. Өсім қарқыны бойынша облыс республика өңірлері арасында екінші орынға шықты. Инвестициялардың басым бөлігі жеке қаражат есебінен тартылды. Оның көлемі 665,8 млрд теңгеге жетіп, жалпы инвестициядағы үлесі 92 пайыздан асты.
Құрылыс саласында 283,7 млрд теңгенің жұмысы орындалды. Есепті кезеңде 530,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сауда айналымы 847,9 млрд теңгеге жетті.
Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 243,7 млрд теңгені құрап, 9,3 пайызға өсті.
Байланыс саласында көрсетілген қызмет көлемі 9,8 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар басқарма басшысы бірқатар көрсеткіш бойынша төмен нәтиже көрсеткен аудандарды атап өтті. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі Сарысу және Шу аудандарында, ауыл шаруашылығы өнімі Шу ауданында, инвестиция тарту мен жеке инвестициялар көлемі Байзақ және Талас аудандарында төмендеген. Құрылыс жұмыстары бойынша Тараз қаласы, Қордай, Байзақ, Меркі және Талас аудандарында, бөлшек сауда айналымы бойынша Сарысу және Шу аудандарында өсім жеткіліксіз қалыптасқан.
Мәжілісте аталған қалалар мен аудандардың әкімдері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
– Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Бұл – әулиеаталықтардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Соған қарамастан, аудандарда шешімін күткен мәселелер бар. Оларды жасырмай, ашық айтуымыз керек. Жылдың аяқталуына әлі екі ай бар. Бұл уақыт қалыптасқан кемшіліктерді жоюға жеткілікті, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысына негізгі көрсеткіштерді жеке бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ межелі деңгейге жете алмаған аудандар бойынша нақты жобалар мен жұмыс көлемі көрсетілген жол картасын әзірлеп, оның орындалуын апта сайын бақылауды міндеттеді.
Жиын қорытындысы бойынша жылдық жоспарлардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, бюджет қаражатын тиімді игеру және инвестициялық жобалардың іске қосылуын сүйемелдеу жөнінде тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, егіс алқаптарының қысқаруына әсер еткен су жүйелеріндегі жұмыстарды келесі егіс маусымына дейін аяқтау міндеті жүктелді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









