Париж, 2026 жылғы 27 қазан – Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің БҰҰ, халықаралық ұйымдар, адам құқықтары және франкофония жөніндегі департаментінің жаңадан тағайындалған директоры Жан-Луи Фальконимен кездесті.
Кездесуде тараптар көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады. Сондай-ақ халықаралық алаңдардағы Қазақстан мен Францияның стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайту мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстандық дипломат әңгімелесушіні елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық бастамаларына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын, сондай-ақ Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру туралы ұсыныстарды таныстырды. Елші жаһандық өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бұл бастамаларды ілгерілетуде Францияның қолдауы маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде Жан-Луи Фалькони Қазақстанның халықаралық істердегі белсенділігін жоғары бағалады. Ол еліміздің түрлі салаларда ұсынып отырған бастамаларын және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Әңгімелесушілер халықаралық ұйымдардың органдарына сайлау кезінде Қазақстан мен Францияның үміткерліктерін өзара қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды. Тараптар осы бағыттағы сындарлы диалогты жалғастыруға мүдделі екенін растады.
БҰҰ жүйесін реформалау мәселелері аясында француз дипломаты Франция мен Мексиканың бірлескен бастамасын таныстырды. Бұл бастама жаппай қатыгездік әрекеттері жасалған жағдайларда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің вето құқығын қолдануды ерікті түрде шектеуін көздейді.
Сондай-ақ 2026 жылғы 7 желтоқсанда Амманда өтетін Соғыс кезінде адамгершілікті сақтау жөніндегі жоғары деңгейдегі конференцияға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Конференция Халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауға бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастама аясында өтеді. Қазақстан мен Франция аталған бастаманың тең авторларының қатарында.
Кездесу қорытындысында тараптар көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.







