Елордадағы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы NEET санатындағы жастарға арналған кеңес беру бойынша кездесу өткізді. Іс-шара оқу оқымайтын және жұмыс істемейтін жастарды қоғамға бейімдеуге бағытталған «Астана Жас Жігер» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Кездесудің мақсаты – жастарға жұмыс табу, білім алу және кәсіби дағдыларын дамыту жолдарын түсіндіру. Сондай-ақ оларға болашақ мамандығы мен карьера бағытын таңдауға көмектесу.
«Осыған дейін мұндай кездесулерді колледждер мен училищелерде өткізген едік. Бұл жолы «Астаналық базар» сауда орталығында ұйымдастырдық. Мұнда NEET санатындағы жастар көп. Олардың арасында базардағы сатушылар, курьерлер мен такси жүргізушілері бар. Кездесуге келгендер заңгерден, психологтан және Joltap өкілінен жеке кеңес ала алады. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру үшін қосымша білім алу және жұмыс іздеу жолдары туралы ақпарат беріледі», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлімінің басшысы Дәуіржан Жұмахан.









