«Таза Қазақстан»: Астанада бөтелкелер мен алюминий құтыларды қайта өңдеуге жинайтын фандоматтар жұмысы таныстырылды

    1 / 3

    Астанада «Таза Қазақстан» бастамасы аясында пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды қайта өңдеуге жинайтын «Sparklo» фандоматтар желісі таныстырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Жоба «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында «Zero Waste» компаниясымен серіктестікте, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ қолдауымен іске асып жатыр.

    Іс-шара барысында фандоматтардың жұмысы, қайталама шикізатты автоматтандырылған түрде қабылдау жүйесі және тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға қызықтыру тетіктері көрсетілді.
    «Біздің жобамыздың сұранысқа ие болғаны қуантады. Астананың өзінде 2 миллионнан астам бөтелке мен құты жинадық. Ал еліміз бойынша қайта өңдеуге жіберілген өнім көлемі 5 миллионнан асты. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – тұрғындарды ынталандыру жүйесі. Пайдаланушылар тапсырған шикізаты үшін ұпай жинап, оны мобильді қосымшадағы сыйақыларға немесе серіктестердің бонустарына айырбастай алады», – деді «Sparklo Kazakhstan» компаниясының бас директоры Татьяна Ашрафзянова.

    Оның сөзінше, жобаға балалардың қызығушылығы да жоғары. Ата-аналар балаларын фандоматтарға бірге ертіп келіп, қалдықтарды сұрыптаудың маңызын күнделікті өмірде үйретіп жүр. Бұл өз кезегінде экологиялық жауапкершілікті ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді.

    Қазір Қазақстан аумағында 53 фандомат орнатылған. Жобаға қатысушылар саны 100 мың адамнан асты. Астанада да фандоматтар желісі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді.
    Жобаның негізгі мақсаты – қалдықтарды қайтадан шаруашылық айналымына енгізу, қайталама шикізатты тиімді пайдалану, бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту және қайта өңдеудің тұрақты жүйесін қалыптастыру. Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар қалдық көлемін азайтып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға да мүмкіндік береді. Пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды арнайы құрылғыларға тапсыру арқылы әр азамат қоршаған ортаны қорғауға үлес қоса алады.

    #ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары