Атырауда «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында «Кітапқа қайта оралу» атты зияткерлік кездесу өтті. Жиын кітап оқуды насихаттауға және көпшіліктің әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Кездесуді Ғабдол Сланов атындағы облыстық орталық ғылыми әмбебап кітапхана, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалы және жобаның өңірлік кеңсесі ұйымдастырды.
Іс-шараға кітапхана қызметкерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жазушылар, ақындар, ғалымдар, педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, кітап клубтарының мүшелері және жастар қатысты.
Жиында кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру, жастарды әдебиетке баулу және цифрлық контенттің оқырман таңдауына ықпалы сөз болды. Қатысушылар әдебиеттің ойды саралаудағы, танымды кеңейтудегі және өмірге өзіндік көзқарас қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
Сондай-ақ қатысушылар өздеріне ой салған, өмірге көзқарасын өзгерткен кітаптар туралы ой бөлісті. Бүгінгі қоғамдағы кітап оқудың орны мен әдебиетті насихаттау жолдарын талқылады. Көпшілікке тақырыптық кітап көрмелері мен интерактивті алаңдар ұсынылды.
Бағдарламада өңір кітапханашыларының кәсіби білігін арттыруға да көңіл бөлінді. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының мамандары кітапхана жұмысында жасанды интеллектіні қолдану және жаңа технологияларды пайдалану кезінде әдеп нормаларын сақтау жөнінде шеберлік сабақтарын өткізді.
Кездесу қорытындысында ұйымдастырушылар алдағы жұмыс бағыттарын айқындады. Өңірдегі кітап оқуға үндейтін бастамаларды дамыту, кітап клубтарының байланысын нығайту және әлеуметтік желілер арқылы оқуды насихаттау көзделіп отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









