«Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысушылар оқыған шығармалары туралы 40 мыңнан астам бейнепікір жариялады

    «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысушылар оқыған кітаптары туралы 40 мыңнан астам бейнепікірді тексеруге жолдады. Бұл ретте Астана қаласының, Жамбыл және Қызылорда облыстарының тұрғындары белсенділік танытты.

    Марафонға қатысу шарттарының бірі – оқыған кітап туралы бейнепікір дайындау. Ұпай жинау үшін қатысушы бейнежазбасын әлеуметтік желідегі ашық парақшасына жариялап, сілтемесін reading-nation.kz сайты арқылы жіберуі қажет. Модераторлар тексеріп, мақұлдаған әр бейнепікірге 50 ұпай беріледі.

    Бейнепікірде қатысушылар оқығанынан түйген ойларын ортаға салып, өзгелерге кітап ұсынады әрі сол арқылы көпшілікті кітап оқуға үндейді.

    Оқырман марафонның түрлі санаттары бойынша қатысып жатыр. Атап айтқанда, Шұғыла Құдайберген мен Елдос Сафуллин «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және Аружан Әбілқасымова «Кітап оқитын педагог» санаты бойынша тіркелген.

    Марафонның белсенді қатысушыларының бірі – Алматы облысы Полиция департаменті Талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары Меруерт Морякова. Ол марафон басталғалы үш кітап оқып, 1 050 ұпай жинаған. Қатысушының әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбаларының жалпы қаралымы 400 мыңнан асқан.

    «Мен үшін бейнепікірімді көрген адамның сол кітапты оқуға ниеттенгені маңызды. Бейнежазбаларым жүздеген мың қаралым жинағанда, жұрттың кітапқа қызығатынын түсіндім. Тек неден бастауға болатынын айтып, жөн сілтеу керек. Жұмысым талдау жасаумен, көп ақпаратты саралаумен байланысты. Ал кітап ойымды сергітіп, мәселеге үңілуге және адамдарды жақсырақ түсінуге көмектеседі», – деді Меруерт Морякова.

    «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін өтеді. Қатысушыларға 15 кітап оқып, әрқайсысы туралы пікір дайындау ұсынылады. Қатысу тегін.

    Бүгінде марафонға еліміздің барлық өңірінен 1,4 миллионнан астам адам қосылған.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары