Ташкентте өтіп жатқан Орталық Азия халықаралық білім беру форумы аясында Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, профессор Бибігүл Нүсіпжанова өткізген екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша қабылданды. Меморандум екі елдің мәдениет, өнер, ғылым және білім салаларындағы байланысын нығайтуды көздейді.
Келісімге сәйкес, студенттер мен магистранттар алмасып оқуға, тағылымдамадан және тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, екі елдің жетекші мамандарын дәріс оқуға және шеберлік сабақтарын өткізуге шақыру да қарастырылған.
Тараптар шығармашылық және ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп қолға алуға, конференциялар, семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын өткізуге келісті. Сондай-ақ оқу-әдістемелік материалдар мен ғылыми жарияланымдар алмасу жөнінде уағдаласты.
Орталық Азия халықаралық білім беру форумы 2026 жылғы 27-29 қазан аралығында Ташкентте өтеді. Оған өңір елдерінің бейінді мемлекеттік органдары мен жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып жатыр. Форум жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті дамытуға және Орталық Азия елдерінің білім саласындағы байланысын нығайтуға бағытталған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









