Париж, 2026 жылғы 20 қазан – Қазақстанның Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (NOPA) «QazTrade» АҚ-ның қолдауымен және Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің жәрдемдесуімен 17–21 қазан аралығында Парижде өтіп жатқан SIAL Paris 2026 халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысуда.
Қазақстан стендінде «AKMEZ», «Poima Mai Combinati», «Qazaq-Astyq Group», «UMIR KZ», «Beles Agro» және басқа да отандық компаниялардың май-тоң өнімдері ұсынылған. Ұлттық стенд Еуропалық одақ қаржыландыратын және Халықаралық сауда орталығы (ITC) іске асыратын «Ready4Trade Орталық Азия: Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеу жолы» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова отандық өндірушілердің өнімдерімен танысып, Франциямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің және қазақстандық өнімдерді еуропалық нарықта ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде NOPA төрағасы Ядыкар Ибрагимов қауымдастықтың қазақстандық өндірушілердің еуропалық нарықтағы позициясын нығайту, экспорттық жеткізілімдерді кеңейту және француз әріптестерімен жаңа іскерлік байланыстар орнату жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді.
Көрме аясында қазақстандық компаниялар әлеуетті серіктестермен, соның ішінде француз салалық ұйымдарының өкілдерімен 50-ге жуық келіссөз жүргізді. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы өнімдерін ілгерілету агенттігі (AVPA) Қазақстанды қосылған құны жоғары азық-түлік өндірісін дамыту үшін перспективалы алаң ретінде қарастырады. Ал Vitagora халықаралық агроазық-түлік кластері ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу саласында қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтасуға мүдделілік білдірді.
Қазақстан экспозициясы француз және халықаралық кәсіби қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Стендке іскер топтардың, әлеуетті сатып алушылар мен серіктестердің 200-ге жуық өкілі келді.
SIAL Paris – 1964 жылдан бері екі жылда бір рет Paris Nord Villepinte көрме орталығында өткізілетін әлемдегі ең ірі азық-түлік көрмелерінің бірі.
2026 жылы көрмеге 8 мыңға дейін компания қатысуда.









