Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиында жалпы құны 8,4 млрд теңгені құрайтын, 695 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 9 инвестициялық жоба қаралып, мақұлданды. Сондай-ақ, Бесқарағай ауданының Глуховка ауылындағы «Тоқаш Ана» шипажайына электрмен жабдықтау желісін жүргізу бойынша 1 жоба мақұлданды. Қолдауға ие болған инвестициялық жобалар Семей қаласы, Аягөз, Жарма, Мақаншы және Бесқарағай аудандарына тиесілі. Жобалар ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік және логистика, табиғи тасты өңдеу, қонақүй бизнесі және жол бойындағы сервисті дамыту салаларын қамтиды.
Аймақ басшысы инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Абай облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгін қаралған инвестициялық жобалардың әрқайсысы өңір экономикасының орнықты дамуы үшін ерекше маңызға ие. Инвесторларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету – қала және аудан әкімдерінің тікелей функционалдық міндеті. Инвесторлардың барлық өтініштері уақтылы қаралып, әкімшілік кедергілерге жол берілмеуі тиіс», – деді Берік Уәли.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі мақұлданған инвестициялық жобаларды ерекше бақылауға алып, қабылданған шешімдердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына жобалардың іске асырылуын тұрақты қадағалап, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру міндетін жүктеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









