Облыс әкімі Берік Уәли Семей теміржол вокзалының алдындағы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан алаңды аралап көрді.
Алаңның жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда кешенді абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Қазіргі уақытта аумаққа су жинауға арналған 38 текше метрлік резервуар орнатылып, 3 мың шаршы метрге жуық жерге брусчатка төселген. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі жаңартылуда. Жоба аясында 35 үлкен жарық шамы және гүлзарларға 30 шағын шам орнату көзделген. Аумаққа ағаштар мен гүлдер отырғызылып, көгал төселеді.
Бұдан бөлек, жасыл желектерді күтіп-баптау үшін автоматты суару жүйесі қарастырылған. Осы мақсатта 5 мың текше метрлік су резервуары орнатылған. Алаңға қоқыс жәшіктері бар 20 орындық қойылады. Жұмыстар аяқталған соң аумақ тұрғындардың серуендеуіне және демалуына қолайлы қоғамдық кеңістікке айналмақ.
«Вокзал ғимаратымен қатар оның алдындағы аумақты да жаңарту туралы шешім қабылдадық. Қазір теміржол вокзалының алдындағы 4 мың шаршы метрді құрайтын алаң күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Мұнда барлығы жаңартылып, қажетті инфрақұрылым толық ауыстырылады. Жұмыстар екі апта көлемінде аяқталады. Алдағы уақытта алаң толық жаңарып, тұрғындар серуендеп, демалатын қолайлы қоғамдық кеңістікке айналады. Теміржол вокзалы – қаланың келбетін көрсететін маңызды нысандардың бірі. Қалаға келген әрбір қонақ ең алдымен вокзал мен оның айналасындағы аумаққа назар аударады. Сондықтан бұл жердің сәулеттік келбеті мен тазалығына ерекше мән беруіміз қажет», – деді Берік Уәли.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









