Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Семей қаласын дамыту бойынша арнайы жиын өтті. Онда «Абайға құрмет» акциясы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуы, қаланың Бас жоспары мен әкімшілік-іскерлік орталықтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының әзірленуі, жол және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ, Үкімет қаулысымен айқындалған жобалардың орындалу барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемесов, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мекетаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Аслан Оқасов және Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев баяндады.
Қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде бірқатар әлеуметтік, мәдени, білім және спорт нысандары салынып жатыр. Бірнеше ғимарат бойынша жобалау және қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қалада BINOM мектебінің құрылысы басталып кетті.
Облыс орталығында 300 төсек-орынға арналған облыстық көпсалалы аурухана мен көпсалалы облыстық балалар ауруханасы салынады. Сонымен қатар драма театр, стадион және өнер орталығын салу жобалары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жиында Семей қаласының Бас жоспары мен әкімшілік-іскерлік орталықтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларынаназар аударылды. Аталған құжаттардың уақтылы дайындалуы жаңа нысандардың құрылысын бастау, жер телімдерін рәсімдеу және инженерлік желілерді тарту үшін маңызды. Отырыста жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта салынатын нысандарды электрмен, жылумен, сумен жабдықтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қарағайлы тұрғын ауданын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі туралы да айтылды.
Сондай-ақ, Семей қаласының жол инфрақұрылымын дамыту және Үкімет қаулысымен мердігерлері айқындалған жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, Семей қаласы әкімдігінің құзыретіндегі жобалардың орындалу барысы талқыланды.
Семей қаласының жол инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар ірі жоба қарастырылған. Облыс орталығындағы Шугаев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында көліктердің әртүрлі деңгейде қозғалуына арналған жолайрықты қайта жаңғырту жоспарланған.
Аймақ басшысы Семей қаласының дамуына қатысты жобаларды уақтылы жүзеге асыру үшін жауапты мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
«Семей қаласын дамытуға бағытталған әрбір жобаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Қазір облыс орталығында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, әрбір жоба уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуы қажет. Мемлекет басшысы, Үкімет барлығын қадағалап отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруымыз керек», – деді Берік Уәли.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









