Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

    1 / 12

    Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу сапасын жақсарту, ішкі саясат саласындағы өзекті мәселелер, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту, мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

    Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің бастығы Жандос Асылбеков пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы баяндады.

    Департаменттің мәліметінше, тұрғындар жергілікті атқарушы органдарға жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолдар мен көлік, білім беру және денсаулық сақтау мәселелері бойынша жиі жүгінеді. Өтініштердің басым бөлігі Семей қаласына тиесілі.

    Аймақ басшысы азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізуде формалды көзқарасқа жол бермеу қажеттігін атап өтті.

    «Мемлекеттік органдардың міндеті – азаматтарға жауап жолдаумен шектелу емес, олардың көтерген мәселелерін жан-жақты қарастырып, мүмкіндігінше нақты шешім қабылдау. Егер азамат бір мәселе бойынша бірнеше рет жүгінуге мәжбүр болса, онда бұл жағдайдың себептерін анықтап, тиісті қорытынды жасауымыз керек. Әрбір өтініштің қаралу сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және қабылданған шаралардың нәтижесіне назар аудару қажет», – деді Берік Уәли.

    Облыс әкімі жауапты органдарға қайталама шағымдардың себептерін талдап, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Семей қаласының әкімі мен тиісті басқармаларға жолдардың жағдайы, сумен, жылумен жабдықтау, көшелерді жарықтандыру және медициналық көмек көрсету мәселелерін зерделеп, оларды шешудің нақты жолдарын, жауапты орындаушылар мен мерзімдерін айқындауды міндеттеді.

    Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, облыста 632 азаматтық қоғам институты тіркелген. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өңірде бірнеше іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

    Отбасылық саясат бағытында «TOMIRIS» бағдарламасы аясында 50 әйел оқытудан өтті. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына 129 өтінім түсті. Биылғы сегіз айда облыста 2261 неке тіркелген. Ажырасудың алдын алу мақсатында Семей, Курчатов қалалары мен Абай, Бородулиха аудандарындағы Отбасын қолдау орталықтарында некеге дейінгі даярлық курстары ұйымдастырылды.

    Жиында этносаралық келісімді нығайту мәселесіне де назар аударылды. Өңірде 50-ден астам этнос өкілдері тұрады. Келесі жылы қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

    Кеңесте тұрғындарды алаңдатқан әлеуметтік мәселелерді дер кезінде анықтау, еңбек дауларының алдын алу және халықпен тікелей байланысты күшейту қажеттігі айтылды.

    Аймақ басшысы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік саясаттың басымдықтарын халыққа түсінікті жеткізу және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту маңызды екенін атап өтті.

    «Ішкі саясаттың негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік саясаттың басымдықтарын халыққа түсінікті жеткізу және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту. Бұл ретте ақпараттық жұмыстың көлемі ғана емес, оның сапасы мен қоғамға тигізетін нақты әсері маңызды. Ішкі саясат мәселелерін тек салалық басқарманың міндеті ретінде қарастырмауымыз керек. Қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, тұрғындардың өтініштерін шешу, сындарлы диалог орнату және мемлекеттік саясатты түсіндіру – барлық мемлекеттік органның ортақ міндеті», – деді Берік Уәли.

    Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен қала және аудан әкімдеріне қоғамдық-саяси ахуалға әсер етуі мүмкін мәселелердің алдын алуды, еңбек дауларын бақылауды, отбасын қолдау жұмыстарын күшейтуді және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыруды тапсырды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары