Аймақ басшысы «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан Түркістан облысының тартуы – Көрме орталығының құрылыс алаңында болды.
Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3682 шаршы метрді құрайды. Бұл нысан үлкен көрмелер, мәдени және іскерлік іс-шаралар, конференциялар, форумдар, мен түрлі қоғамдық кездесулер өткізуге арналған заманауи көпфункционалды ғимарат болмақ.
Орталықтың сыйымдылығы 120 адамды құрайды. Мердігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта нысанның іргетасын құю жұмыстары аяқталған.
Ғимараттың құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы нысанның уақтылы әрі сапалы салынуы маңызды екенін атап өтті.
«Көрме орталығы – Түркістан облысының «Абайға құрмет» акциясы аясында өңірімізге жасап отырған ерекше тартуы. Бұл – өңірімізге қажетті нысандардың бірі. Үлкен көрмелер мен маңызды шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен. Мердігер ұйым орталықты келер жылдың қыркүйегінде пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Игі бастамаға қолдау көрсеткен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке өңір жұртшылығы атынан алғыс білдіреміз», – деді Берік Уәли.









