Облыс әкімі Жаңасемей ауданының тұрғындарымен кездесті

    1 / 12

    Семей қаласында өткен кездесуде алдымен Жаңасемей ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімов ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Облыс әкімі Берік Уәли өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар жайында айтты.

    Жаңасемей ауданында биылғы тоғыз айда 29,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл басынан бері 14 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында ауданның 3 тауар өндірушісі 600 млн теңгеге қаржыландырылды.

    Ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Инвестициялық жобалар картасына Жаңасемей ауданынан жалпы құны 46,6 млрд теңге болатын 5 жоба енгізілген. Шақаман ауылында құны 7,7 млрд теңгені құрайтын ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталды. Кәсіпорынды қараша айында іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар 2,1 млрд теңгеге 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы салынып жатыр.

    Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Биыл Шаған кентінде су тарту және су құбыры желілерінің құрылысы аяқталды. Ауданның жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Биыл Мұздыбай ауылына кіреберіс жолдың 3 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Келесі жылы Шүлбі кентіндегі бірнеше көшені жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, «Семей – Қайнар» және «Семей – Шүлбі» бағыттарындағы әлеуметтік маңызы бар автобус қатынасын субсидиялауға қаржы бөлінді.

    Білім беру саласында ауданның 14 мектебі ағымдағы жөндеуден өтті. Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін қаржылық лизинг арқылы 3 автобус сатып алу көзделген. Оның бірі Приречный мектебіне табысталды. Қалған екі автобус жыл соңына дейін беріледі.

    Денсаулық сақтау саласында ауданның 8 ауылында жаңа медициналық нысан салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қайнар ауылындағы аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге құжаттама дайындалды.

    Мәдениет және спорт салаларында да жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Алғабас ауылдық кітапханасы базасында «Жаңа клуб» комьюнити-орталығы құрылды.

    Байланыс инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2026-2027 жылдары Жаңасемей ауданының 18 ауылына талшықты-оптикалық интернет желісін тарту жоспарланған. Биыл Гранитное, Каштак және Талица ауылдарында байланыс сапасын жақсартуға арналған антенна-діңгек құрылымдарының құрылысы аяқталып, интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде.

    Аймақ басшысы аудан тұрғындарын толғандырған жол, ауыз су және елді мекендерді жарықтандыру мәселелерін кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

    «Өңірдегі барлық аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы қашанда жіті бақылауымда екенін білесіздер. Жаңадан құрылған Жаңасемей ауданының әлеуеті зор. Ауданға бұған дейін де бірнеше рет арнайы келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, ауданның тыныс-тіршілігімен танысып жүрмін. Әрине, қордаланған мәселелердің барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен, халық үшін аса өзекті мәселелер әрдайым ерекше назарда. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өзекті проблемалар кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді», – деді Берік Уәли.

    Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

    Аймақ басшысы кездесудің алдында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді рәсімдеуге, Приречный ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін ұлықтауға қатысты мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.

    Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне аталған мәселелерді қолданыстағы заңнама аясында зерделеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

    Аймақ басшысының азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары