Абай облысында кәсіпкерлерге құрмет көрсетілді

    1 / 12

    Бүгін Семейде кәсіпкерлер күніне орай «Кәсіпкерлік – ел дамуының қозғаушы күші» атты салтанатты жиын өтті.

    Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

    «Баршаңызды Кәсіпкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі». Шын мәнінде, кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші, халықтың әл-ауқатын арттырудың және өңірдің тұрақты дамуының маңызды тірегі. Кәсіпкерлеріміздің қажырлы еңбегі мен игі бастамаларының арқасында облысымыз күн санап көркейіп, қалаларымыз бен ауылдарымыз жаңа кейіпке еніп келеді. Жаңа нысандар бой көтеріп, қоғамдық орындар абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Бұл – туған жердің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлеріміздің еңбегі мен мемлекет және бизнес арасындағы нәтижелі әріптестіктің нақты көрінісі. Бүгінгі марапат – сіздердің өңір экономикасына қосқан үлестеріңізге, көпжылдық еңбектеріңізге және қоғам игілігі жолындағы қызметтеріңізге көрсетілген зор құрмет. Алдағы уақытта да облысымызда кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға, жергілікті өндірісті кеңейтуге және бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық беріледі. Ел игілігі жолындағы адал еңбектеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Кәсіптеріңіз өркендеп, еңбектеріңіз жемісті, бастамаларыңыз табысты болсын!», – деді Берік Уәли.

    Салтанатты жиында өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Олардың қатарында «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС басшысы Әсемқан Досқожанов, «ЭЙКОС» ЖШС басшысы Александр Соловьев, «СемАЗ» ЖШС басшысы Марат Макишев, «Казполиграф» ЖШС басшысының орынбасары Қайрат Омарғалиев, «Шығыс ШПЗ» ЖШС басшысы Бекен Альпиев, «Bayazit Life» ЖК басшысы Динара Тұрсынханова, «Роза» киіз басу және киіз өндіру комбинаты» ЖШС басшысы Харис Сайфутдинов, «Kazakh National Brands»ЖШС басшысы Арман Машимов және «Тұмар-Кондитер» ЖШС басшысы Ойрат Темірбаев бар. Сондай-ақ, бірқатар кәсіпкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

    Қазіргі таңда облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылуда. Бүгінде өңірде 49 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Аталған салада 97 мыңға жуық адам еңбек етеді. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында биыл 204 кәсіпкерлік жобаға жалпы сомасы 9,6 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары