Бүгін Семейде «Qazaq Astyq Group» серіктестігінің тазартылған өсімдік майын құю және қаптау цехы пайдалануға берілді. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Бас прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, облыс прокуроры Нұрсұлтан Рақышев, «Qazaq Astyq Group» серіктестігінің құрылтайшысы Әсемхан Досқожанов қатысты.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа өндіріс орнының өңір экономикасын дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгін біз «Qazaq Astyq Group» серіктестігінің тазартылған өсімдік майын құю және қаптау цехының ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Баршаңызды өңіріміз үшін маңызы зор жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өндірісті әртараптандыру деңгейін арттыру, отандық нарықты қамтамасыз етуді ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында соңғы жылдары Абай облысында жаңа өндірістерді іске қосуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіпорынның жаңа цехының іске қосылуы өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға, отандық дайын өнім көлемін ұлғайтуға және азық-түлік нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосады деп сенемін. Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға және кәсіпорынның барша еңбек ұжымына алғысымды білдіремін. Облыс әкімдігі өндірісті дамытуға бағытталған бастамаларды қолдап, инвесторлармен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береді. Біздің мақсатымыз – жаңа кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және өңір экономикасына нақты үлес қосуына жағдай жасау. Жоба дайын өнімді құю және қаптау үдерістерін қамтиды. Бүгінгі айтулы оқиға жаңа цехтың табысты жұмысының бастауы болсын! Алдағы уақытта өндіріс толық қуатына шығып, өнімдері тұтынушылардың сеніміне ие болсын деп тілеймін», – деді Берік Уәли.
Жаңа цех өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндірістік әлеуетін арттыруға және жұмыспен қамту деңгейін көтеруге үлес қосады. Жобаның жалпы құны 8,4 миллиард теңгені құрайды. Оның аясында 104 жұмыс орнын құру көзделген. Кәсіпорындағы өсімдік майын рафинациялау өндірісінің жобалық қуаттылығы тәулігіне 200 тонна тазартылған күнбағыс майын өндіруге есептелген. Жылдық өндіріс көлемі 73 мың тоннаға дейін жетеді.
Айта кетейік, кәсіпорын өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп қана қоймай, шет мемлекеттерге де экспортталады. Бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және өңірдің экономикалық байланыстарын нығайтуға жол ашады.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералының айтуынша, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу инвесторлардың құқығын қорғаумен қатар, өңір экономикасы үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Бүгінде комитет еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Абай облысында прокуратураның сүйемелдеуінде жалпы құны 4,5 трлн теңгені құрайтын 110 жоба бар. Бұл көрсеткіштердің артында ауқымды инвестициялар, жаңа өндіріс орындары және мыңдаған әлеуетті жұмыс орны тұр», – деді ол.
Биыл өңірде бірқатар жаңа кәсіпорындар ашылды. «Шығыс ШПЗ» серіктестігінің OSB тақталарын шығаратын зауыты іске қосылды. «Агролидер» серіктестігінің бұршақты және басқа да дақылдарды өңдеу және тазарту зауыты пайдалануға берілді. Осындай өндірістер жергілікті шикізатты өңдеуге, дайын өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.







