АУДАН ӘКІМІ ЕҢБЕК АРДАГЕРІН 70 ЖАСҚА ТОЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

    1 / 4

    Ордабасы ауданында саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, туған жердің өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагері, Қажымұқан ауылдық округінің бұрынғы әкімі Саттархан Батырханович Утебаевтың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.
    Мерейтой иесін аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қабылдап, мерейлі жасымен құттықтады. Кездесу барысында аудан басшысы Саттархан Батырхановичтің ел игілігі жолындағы еселі еңбегіне тоқталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте жауапкершілік пен табандылықтың үлгісін көрсеткен азаматтың өмір жолы кейінгі буын үшін тағылымды екенін жеткізді.
    Саттархан Утебаев еңбек жолын 1973 жылы жұмысшы болып бастаған. 1988 жылдан мемлекеттік қызметке араласып, әр жылдары Темірлан селолық кеңесінде, Қажымұқан ауылдық округі әкімшілігінде бірқатар жауапты қызметтерді атқарды. Ал 2012–2019 жылдары Қажымұқан ауылдық округінің әкімі ретінде елді мекеннің өсіп-өркендеуіне қызмет етті. Түрлі кезеңде артылған жауапкершілікті абыроймен атқарып, мол тәжірибе жинақтаған ардагер бүгінде ел құрметіне бөленіп отыр.
    Қабылдау барысында аудан әкімі мерейтой иесінің иығына шапан жауып, арнайы марапат табыстады. Ақсақалдар мен ел ағалары да мерейтой иесіне ізгі тілектерін арнап, оның ел алдындағы еңбегіне лайықты құрмет көрсетті.
    Өз кезегінде Саттархан Батырханович көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, аудан әкіміне және мерейтойымен құттықтауға келген азаматтарға алғысын жеткізді.
    Абыройлы еңбек – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін құндылық.
    Еліне адал қызмет етіп, өнегелі жол қалыптастырған ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен мерейінің үстем болуын тілейміз!
    Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ордабасы ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары