Көкшетауда Қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимаратының құрылысы басталды

    1 / 9

    Көкшетау қаласында 300 орындық көрермен залы бар Қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жоба өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Құрылыс алаңына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов барды.

    Жаңа театрдың құрылысы «Сарыарқа» шағынауданында жүргізілуде. Жобаны әзірлеу кезінде заманауи сәулеттік шешімдерге, көрермендерге қолайлы жағдай жасауға және әртістердің кәсіби қызметіне қажетті материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.

    «Мемлекет басшысының Жолдауында ауқымды Халықтық құрылыс бастамасы жарияланғаннан кейін көп ұзамай жаңа театр құрылысының қолға алынуының өзіндік мәні бар. Театр салу – өңірдің рухани және мәдени дамуына салынған маңызды инвестиция.

    Болашақ өнер ордасының орны да кездейсоқ таңдалған жоқ. Бүгінде «Сарыарқа» шағынауданы жаңа нысандар мен ғимараттар шоғырланған орталыққа айналып келеді. Мұнда медициналық, білім беру, спорт және басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Енді олардың қатары тағы бір маңызды мәдениет ошағымен толығады. Бүгін біз осы нысанның құрылысын бастаймыз», – деді Марат Ахметжанов.

    Жоба аясында заманауи сәулеттік келбеті бар, кең әрі қолайлы бөлмелермен және театрдың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған мәдениет нысаны салынады. Ғимаратта заманауи сахналық технологиялармен жабдықталған жайлы көрермен залы болады. Бұл түрлі деңгейдегі қойылымдарды сахналауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар репетиция залдары, грим бөлмелері, театр труппасы мен шығармашылық ұжымдарға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.

    Айта кетейік, жаңа театр құрылысы Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатын нысандар тізбесіне алдын ала енгізілген. Құрылыс жұмыстарын «кілт тапсыру» қағидаты бойынша аяқтау жоспарланып отыр.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары