Көкшетау қаласының Чайкино ауылында №15 негізгі орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Екі қабатты мектеп 120 оқушыға арналған. Мұнда сапалы білім алуға, спортпен шұғылдануға және балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Жаңа білім ордасының жұмысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысып, оқу кабинеттерін аралады, педагогтермен және оқушылармен кездесті.
Жаңа мектептің құрылысы бұрынғы ғимараттың жағдайына байланысты қолға алынды. Ол 1971 жылдан бері пайдаланылып келген және қазіргі заман талаптарына сай жаңартуды қажет етті. Жаңа нысанда заманауи білім беру талаптарына сәйкес оқу кеңістігі қалыптастырылған. Атап айтқанда, мамандандырылған кабинеттер, спорт және акт залдары, асхана мен басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған.
«Әрбір бала сапалы білім мен тәрбие алып, лайықты әрі қолайлы жағдайда оқуға мүмкіндік алуы тиіс. Біздің міндетіміз – осыған қажетті барлық жағдайды жасау. Бүгін сіздер жаңа, заманауи мектепте, жақсы жабдықталған оқу кабинеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болдыңыздар. Мектептеріңді күтіп ұстаңдар, оған жанашырлықпен қараңдар», – деді Марат Ахметжанов оқушыларға арнаған сөзінде.
Сондай-ақ өңір басшысы мектепке хоккей кортына арналған сертификат табыстады.
Мектепте барлығы 11 оқу кабинеті жабдықталған. Олардың қатарында физика, информатика, жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық пәндер кабинеттері бар. Сонымен қатар ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері қарастырылған. Бұдан бөлек, спорт залы, 50 орындық акт залы, кітапхана, асхана және медициналық блок жұмыс істейді.
Мектеп аумағында баскетбол, волейбол және футбол алаңдары, жүгіру жолы мен воркаут алаңы салынған.
Жаңа мектептің ашылуы ауыл тұрғындары үшін білім алу мүмкіндіктерін кеңейтті. Екінші тоқсанда оқушылар қатары тағы 12 балаға толықты. Сонымен қатар қазақ тілінде білім беретін бесінші сынып ашылуда. Жалпы мектепте екі мектепалды даярлық тобын қоса алғанда, 15 сынып-жинақ қарастырылған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








