Қосшы қаласында қалалық прокуратураның жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Жертөле қабаты бар екі қабатты жаңа ғимарат қызметкерлердің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті жағдайлармен жабдықталған. Мұнда қызметтік кабинеттер, азаматтарды қабылдау бөлмесі, конференц-зал және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Жұмыс орындары заманауи жиһаздармен және кеңсе техникасымен жабдықталған.
Нысанды аралау барысында өңір басшысына прокуратура қызметіне енгізілген цифрлық шешімдер таныстырылды. Соның бірі – азаматтарға қабылдауға жазылуға, өтініштердің қаралу мәртебесін бақылауға және қажетті ақпарат алуға мүмкіндік беретін прокурордың жасанды интеллект негізіндегі көмекшісі.
Сонымен қатар алты бағытты қамтитын цифрлық қадағалау бағдарламасының мүмкіндіктері таныстырылды. Оның көмегімен пробациялық бақылау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, азаматтарды құжаттандыру, еңбек заңнамасының сақталуы және жол қозғалысы қауіпсіздігі салаларына мониторинг жүргізіледі. Жүйе заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, бейнебақылау жүйесінің жұмысы көрсетілді. Бүгінде қалада 1 440 бейнекамера орнатылған. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оқиғаларға жедел ден қоюға және қылмыстарды ашуға ықпал етеді. Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, бейнебақылау жүйесін енгізу құқық бұзушылықтар санының азаюына әсер еткен факторлардың бірі болды.
«Цифрлық қадағалау – уақыт талабына сай өзекті бағдарлама. Бұрын ақпарат әртүрлі базаларда шашыраңқы болса, қазір бірыңғай база қалыптастырылған. Бұл нақты жағдайды көруге және жалпы басқару жүйесінің жұмысын бағалауға мүмкіндік береді», – деді Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы прокуратура ұжымына жұмыстарына табыс пен толағай жетістіктер тіледі.
Іс-шара соңында қатысушылар жаңа ғимарат аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.









