Жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласындағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Негізгі назар құрылыс сапасы мен жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуына аударылды.
Алғашқы нысан 1500 орындық жаңа мектеп болды. Бүгінде ғимараттың құрылысы мен шатырының жабылуы толық аяқталған. Сыртқы және ішкі инженерлік желілердің дайындығы 85–95 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Білім ордасында бастауыш және орта буын оқушыларына арналған жеке кіреберістер, екі спорт залы, кітапхана және заманауи оқу кабинеттері қарастырылған. Мектеп аумағында спорт және ойын алаңдары, сондай-ақ воркаут аймағы абаттандырылады.
Жоба жетекшісі Руслан Тоқпанбайдың айтуынша, құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал үшінші тоқсанда оқушылар жаңа ғимаратта білім алуға мүмкіндік алады деп күтілуде.
Өңір басшысы қаладағы жылумен қамту мәселесіне де назар аударды. Қосшы қаласының орталық қазандығында ағымдағы жөндеу аясында үш қазандықтың бірі ауыстырылған. Нәтижесінде қазандықтың жылу өндіру қуаты 36-дан 56 Гкал-ға дейін артты. Ал жалпы белгіленген қуаты 82 Гкал болатын нысанда қосымша жылу қоры қалыптастырылды.
Жаңа қазандық пайдалануға беріліп, қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар Марат Ахметжанов Viamedis ауруханасының құрылыс алаңына барды. Медициналық нысан қаланың денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс кестесін қатаң сақтап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
«Әлеуметтік нысандардың құрылысы белгіленген мерзімдер мен сапа талаптарына сай жүргізілуі тиіс. Әсіресе, балалардың жаңа мектепте жайлы әрі заманауи жағдайда білім алуы үшін нысанды уақытылы пайдалануға беру маңызды. Барлық жұмысты тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешу қажет», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.









