«Абылай ханның қара жолы» халықаралық экспедициясы Ақмола облысына оралды

    1 / 13

    2026 жылғы 3 қараша күні «Абылай хан Ордасынан Жиделі Байсынға дейін» тақырыбымен ұйымдастырылған «Абылай ханның қара жолы» халықаралық экспедициясы Ақмола облысына оралды.

    Осыған байланысты Көкшетау қаласында экспедицияның мүшелерін қарсы алуға арналған шара өтті. Экспедиция қатысушыларын Көкшетау қаласына кіреберісте салтанатты түрде қарсы алып, одан кейін делегация Достық үйіне жол тартты.

    Іс-шараға Ардагерлер кеңесінің өкілдері, ғылыми зиялы қауым және жастар қатысты.

    Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев өз сөзінде халқымыздың терең тарихын зерделеуге, қазақ-өзбек халықтарының ортақ мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған тарихи-танымдық экспедицияның маңыздылығын атап өтті. Сапар барысында жинақталған ғылыми, тарихи және деректі материалдар ортақ тарихи жадымызды байытатын құнды мұра болатынына сенімін білдірді.

    Бұл тарихи экспедиция 22 қазан күні Бурабай өлкесіндегі Абылай хан ордасынан бастау алып, Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Байсун,Термез қалаларында жалғасты. Аталмыш тарихи сапар даңқты қолбасшы Абылай ханның туғанына 315 жыл және әлемдік тарихта терең із қалдырған тұлға Әмір Темірдің туғанына 690 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

    Экспедицияның жетекшісі белсенді қоғам қайраткері, өлкетанушы, жазушы Мұрат қажы Ыдырысұлы осындай мазмұнды жобалардың жүзеге асуына бастамашы болған «Бабалар рухына тағзым» қоғамдық қорына, сондай-ақ экспедицияның ұйымдастырылуына және өтуіне атсалысқан барлық азаматтарға алғысын жеткізді.

    Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, экспедицияның ғылыми жетекшісі Жамбыл Артықбаев көшпелілер өркениетінің мұрасы мен ежелгі мәдени ескерткіштердің терең тарихи және рухани құндылығын атап өтті.

    Экспедиция мүшелері екі елдің ортақ тарихи мұрасын зерттей отырып, Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдарымен кездесіп, ғылыми-практикалық іс-шаралар мен дөңгелек үстелдерге қатысты.

    Қазақстан мен Өзбекстанның беделді ғалымдарын, тарихшыларын және зерттеушілерін қатыстыру арқылы жүзеге асқан бұл тағылымды экспедиция Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасын терең тануға зор мүмкіндік берді.

    Салтанатты жиын аясында халықаралық экспедицияға қатысып, оның табысты жүзеге асуына атсалысқан азаматтары облыс әкімі орынбасарының алғыс хаттарымен марапатталды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары