Оттава, 2026 жылғы 2 қараша– Қазақстанның Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің Су, қоршаған орта және денсаулық институтының (UNU-INWEH) 30 жылдығына орайластырылған «Өзгермелі әлемдегі су: бейбітшілік, ынтымақтастық, дипломатия және жаһандық күн тәртібіндегі Канаданың рөлі» атты жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараны Канада Сыртқы істер министрлігі мен UNU-INWEH ұйымдастырды.
Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Университетінің ректоры Тшилидзи Марвала, Канаданың Қоршаған орта және климаттың өзгеруі министрінің парламенттік хатшысы Уэйд Грант, UNU-INWEH директоры Кавех Мадани, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың басшылары, канадалық парламентшілер және су ресурстары мен орнықты даму саласында жұмыс істейтін ұйымдардың өкілдері қатысты.
Пікірталас барысында қатысушылар су қақтығыстары жиілеп отырған жағдайда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі су дипломатиясының рөлі, сондай-ақ су күн тәртібінің климаттың өзгеруіне бейімделумен, азық-түлік қауіпсіздігімен және көші-қонмен өзара байланысы туралы пікір алмасты. БҰҰ Университетінің басшылығы су ресурстарының сарқылуымен және экожүйелерге келтірілген көп жағдайда қайтымсыз зиянмен сипатталатын «жаһандық су банкроттығы» дәуірінің басталғанын айғақтайтын баяндаманы таныстырды. Сондай-ақ 2026 жылғы 8-10 желтоқсанда Әбу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясының күн тәртібі мен күтілетін нәтижелері қаралды.
Д.Құсайынов өз сөзінде Қазақстан алдында тұрған су сын-қатерлері және оларды еңсеру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті. Ол Мемлекет басшысы жақында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің 23 мыңнан астам су объектісін қамтитын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды аяқтауды ұлттық міндеттердің қатарына енгізгенін атап өтті. Елші сондай-ақ Қазақстанның Аралды құтқарудың халықаралық қорының төрағасы ретінде өңірде атқарып жатқан жұмысы мен Каспий теңізін сақтау жөніндегі қызметі туралы айтып берді.
Елші Мемлекет басшысының БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударды. Ол ұсынылып отырған ұйым қолданыстағы тетіктерді қайталауға емес, олардың арасындағы үйлестіруді нығайтуға арналғанын атап өтті. Қазақстан дипломаты шетелдік әріптестерді, соның ішінде мол су ресурстары мен осы саладағы озық құзыретке ие Канаданы аталған бастаманы қолдауға шақырды.
Іс-шара халықаралық қоғамдастықтың су ресурстарын жаһандық басқару мәселелеріне деген назарының артып келе жатқанын көрсетіп, қазақстандық бастаманың өзектілігін растады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









