АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА «БІРЛІК» САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

    1 / 6

    Қазақстан Республикасы күні қарсаңында Көкшетау қаласының Достық үйінің аумағында «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясы аясында «Бірлік» саябағының салтанатты ашылуы өтті.

    Жалпыұлттық құндылықтарды сақтау, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, туған өлкені көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, игі істерге жол ашатын ерекше оқиғаның маңыздылығын атап өтті.

    Өңір басшысы өз сөзінде «Тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, табиғатты аялау ұлттық мінездің ажырамас сипаты болуы тиіс. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – ертеңгі жасыл әлемнің бастауы, келешек ұрпаққа деген қамқорлығымыздың белгісі. «Бірлік» саябағындағы ағаштарымыз жайқалып өсіп, қаламызды көркейтіп, халқымыздың ынтымағы мен еліміздің өркендеуінің мәңгілік белгісі болсын!» - деді.

    Ақмола облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман «Тамыры тереңге жайылған бәйтерек секілді, берік бірлік те елді биікке жетелейді. Бір мақсатқа жұмылған жұрттың еңбегі әрдайым жемісті, болашағы жарқын болсын» деген игі-тілегін жеткізді.

    Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Алена Малькова-Солопова мұндай қоғамдық кеңістіктерді құрудың терең тәрбиелік мәні бар екенін атап өтті.

    Саябақтың ашылу салтанатында игі дәстүрдің негізі қаланып, өңірдің климаттық жағдайына бейімделген 80 түп ағаш көшеті мен көпжылдық шөп отырғызылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары