РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ТОБЫНЫҢ ӨҢІРДЕГІ КЕЗДЕСУЛЕРІ ЖАЛҒАСУДА

    1 / 17

    Бүгін Қызылорда қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарды кеңінен түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулері жалғасты.
    Алдымен «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық академиясында білім саласының өкілдерімен кездесу өтті. Оған Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мұрат Әбенов, Жанар Бимұратқызы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы және облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.
    Келесі кездесу Қызылорда облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылып, оған Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев, Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров және облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов қатысты.
    Білім саласының өкілдерімен өткен басқосуда адами капиталды дамыту, білім беру сапасын арттыру, педагог мәртебесін көтеру, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру жүйесіне енгізу мәселелері талқыланды.
    Сондай-ақ жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау және білім мен ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналдыру бағыттарына назар аударылды.
    Ал кәсіпкерлермен кездесуде экономиканы жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік субъектілеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайту және заңнамалық ортаны жетілдіру мәселелері сөз болды.
    Атап айтқанда, жаңа Азаматтық кодекс қабылдаудың маңызы, кәсіпкерлік қызметтің құқықтық кепілдіктерін нығайту, әкімшілік кедергілерді қысқарту және бизнес бастамаларды қолдау тетіктері кеңінен түсіндірілді.
    Сонымен қатар, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, өндіріс орындарын дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешу бағытында пікір алмасты.
    Кездесулер барысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жолдауда белгіленген міндеттердің мәні мен маңызын түсіндіріп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Өз кезегінде сала өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өзекті мәселелерді талқылады.
    Жалпы, басқосуларда білім беру, кәсіпкерлік, әлеуметтік саясат, адами капиталды дамыту және экономиканы жаңғырту бағыттарындағы басым міндеттер қамтылды.
    Айта кетейік, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өңірдегі жұмысы жалғасуда. Алдағы уақытта топ мүшелері аудан тұрғындарымен және түрлі сала өкілдерімен кездесіп, Жолдаудың негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіруді жоспарлап отыр.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы" жаңалықтары