«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДА ЖАСТАР ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫМЕН ТАНЫСЫП, ҚАМЫСТЫБАС КӨЛІНІҢ ЖАҒАСЫНДА КЕЗДЕСТІ

    1 / 19

    Сыр өңірінде өтіп жатқан «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық волонтерлер апталығы аясында қатысушылар Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округінде кездесті.

    19 қазаннан бастау алған халықаралық волонтерлер апталығы табиғатты сақтау мен экожүйені қорғауға, экологиялық волонтерлікті дамытуға және жастар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

    Іс-шараға Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген 100 волонтер мен облыстың белсенді ерікті жастары қатысуда.

    Апталық аясында волонтерлер Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне саяхат жасап, түркі әлеміне ортақ ұлы ойшыл, қобызшы әрі жырау Қорқыт атаның өмірі мен рухани мұрасына арналған музейді аралады. Қатысушылар тарихи жәдігерлермен танысып, мемориалдық кешеннің сәулеттік ерекшеліктерін көрді. Танымдық сапар жастарға қазақ халқының бай рухани мұрасын тереңірек танып, ұлттық құндылықтар мен тарихи ескерткіштердің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

    Халықаралық апталықтың келесі шаралары Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасты. Көгілдір көлдің жағасында ұйымдастырылған еркін форматтағы кездесу волонтерлер қозғалысын дамытуға, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғау ісіндегі ортақ жауапкершілікті нығайтуға арналды.

    Басқосу барысында қатысушыларға қазақ халқының ұлттық дәстүрлері, тағамдары, тарихи жәдігерлері мен мәдени мұрасы таныстырылды. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, шараның мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар жастардың өзара тәжірибе алмасуына, пікір бөлісуіне және жаңа бастамалар жөнінде ой түюіне мүмкіндік беретін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

    Кездесу барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, халықаралық волонтерлер апталығының маңызына тоқталды.

    Ол еріктілік қызметтің қоғамды ізгілікке ұйыстырудағы рөлін атап өтіп, жастардың табиғатты қорғау мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ ортақ мақсат жолында біріккен қатысушыларға сәттілік тілеп, бастаманың нәтижелі болуына ізгі ниетін білдірді.

    «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық волонтерлер апталығы жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, экологиялық бастамаларды қолдауға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналмақ.

    Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің міндеті ғана емес, келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Осы жолда бас қосқан волонтерлердің бірлескен жұмысы экологиялық мәдениетті дамытуға, қоршаған ортаны сақтауға және ізгі бастамалардың аясын кеңейтуге үлес қосады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы" жаңалықтары