2026 жылғы 16 қазанда Астанада «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ мен China TransInfo Group зияткерлік көлік жүйелері мен автономды көлік технологиялары саласындағы Бірлескен құзыреттер орталығын құру туралы келісімге қол қойды.
Орталық зияткерлік көлік жүйелері, автономды жүргізу және жол инфрақұрылымын цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылды. China TransInfo Group - зияткерлік көлік жүйелеріне, жол инфрақұрылымын цифрландыруға, көлік аналитикасына және автономды жүргізу технологияларына маманданған компания. Орталық қызметі Қытай тарапының жасанды интеллект пен автономды көлік технологиялары саласындағы технологиялық құзыреттерін «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның жол зерттеулері, стандарттау және нормативтік реттеу жөніндегі ғылыми-техникалық сараптамасымен ұштастыруды көздейді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі - Қытай – Қазақстан халықаралық көлік бағыты бойынша автономды жүк тасымалының пилоттық жобасын іске асыру. Сонымен қатар көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін автоматтандырылған бақылау жүйелерін, оның ішінде қозғалыс үстінде өлшеу технологиясын (WIM) енгізу, автономды көлік құралдарын сынауға арналған полигон құру және салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және деректер алмасу тетіктерін енгізу арқылы Көлік операцияларын басқару орталығын құру мәселесін пысықтау міндеттері қарастырылған.
Кездесу барысында тараптар сарапшылар алмасу, мамандардың біліктілігін арттыру, бірлескен семинарлар өткізу және өзара жұмыс сапарларын ұйымдастыру мәселелерін де талқылады. Қорытындысында бірінші кезектегі іс-шаралар мен бірлескен жобаларды іске асырудың келесі қадамдары айқындалды.
«Орталық озық цифрлық және автономды көлік технологияларына ғылыми-техникалық баға беруге және оларды Қазақстан жағдайына бейімдеуге арналған алаңға айналады. Біздің мақсатымыз – пилоттық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету және жол саласының нормативтік-техникалық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Кенжебек Азатбеков.
Орталықты құру Қазақстанның зияткерлік көлік инфрақұрылымын дамытуға, елдің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға және халықаралық көлік дәліздеріне заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған.








