Жас – белсенді өмір салтынан, жаңа білім алудан, сүйікті іспен айналысудан және қарым-қатынас жасаудан бас тартуға себеп емес. Осы мақсатта ауданда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жобасы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап оның қатысушыларының қатары 2 774 адамға жетті.
Бүгінде күн сайын 300-ге дейін келушіні қабылдай алатын орталықтың үш филиалы жұмыс істейді. Зейнеткерлерге арналған барлық сабақтар мен қызметтер тегін көрсетіледі.
Қатысушылар спортпен шұғылданып, медициналық кеңес алады, қазақ және ағылшын тілдерін үйренеді, компьютер мен мобильді құрылғыларды пайдалануды меңгереді. Сондай-ақ олар үшін экскурсиялар, шығармашылық кештер, би және вокал сабақтары, шахмат турнирлері ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда психолог, заңгер және экономист мамандардан кеңес алуға да мүмкіндік бар.
Жобаның сұранысқа ие екенін көрсеткіштерден-ақ көруге болады: жұмыс басталғалы бері 75 мыңнан астам сауықтыру қызметі көрсетіліп, 28 мыңнан астам медициналық кеңес берілген және 17 мыңнан астам оқу сабағы өткізілген.








