«Біз сіздердің жандарыңыздамыз. Сұраңыздар»: Қазақстанның ІІМ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету акциясын бастады

    Қазақстан тұрғындары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы акциясы аясында Threads әлеуметтік желісі арқылы заңгерлік кеңес пен қолдау ала алады, сондай-ақ өмірі мен денсаулығына төнген қауіп туралы хабарлай алады. Бұл туралы NUR.KZ хабарлады.

    Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарды қолдауға бағытталған «Біз сіздердің жандарыңыздамыз. Сұраңыздар» республикалық акциясын бастады.

    Көмекке тек зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдар ғана емес, оның куәгерлері де жүгіне алады. Акция полицияға тікелей жүгінуге түрлі себептермен батылы бармай жүрген, құқықтық кеңеске мұқтаж азаматтарға да арналған.

    ІІМ-нің хабарлауынша, акция аясында кез келген азамат Әкімшілік полиция комитетінің Threads әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына өтініш қалдырып, мамандардан кеңес пен түсіндірме ала алады.

    Өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, өтініште көрсетілген ақпарат қажетті шаралар қабылдау үшін аумақтық полиция бөлімшелеріне жедел түрде жолданады.

    Көмектің қолжетімділігіне ерекше назар аударылған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін арнайы ақпараттық ресурс әзірленген. Онда республика бойынша сенім телефондарының өзекті нөмірлері, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің байланыс деректері жинақталған.

    Арнайы сілтеме арқылы әрбір азамат өз өңіріндегі қажетті байланыс деректерін тауып, құқықтық, психологиялық және өзге де көмек алу үшін қайда жүгінуге болатынын біле алады.

    Акцияға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары және отбасыны қолдау орталықтары да қосылады. Олар келіп түскен өтініштерді өз құзыреті шегінде қарауға және тиісті көмек көрсетуге қатысады.

    Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі азаматтарды зорлық-зомбылық жағдайларына бейжай қарамауға және өздері немесе айналасындағы адамдар көмекке мұқтаж болған жағдайда тиісті органдарға жүгінуге шақырды.

    Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, NUR.KZ.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұзынкөл ауданының әкімдігі" жаңалықтары