Қазақстанда депозиттер бойынша сыйақыға салық енгізіле ме: министрлік жауап берді

    Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанда депозиттер бойынша сыйақыға салық енгізілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы NUR.KZ Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына сілтеме жасап хабарлады.

    Орталықтың мәліметінше, Қазақстанда жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақыға салық енгізілетіні туралы хабарламалар таралуда. Алайда бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

    Орталық Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми түсіндірмесін жариялады. Онда Үкімет депозиттер бойынша сыйақыға салық енгізу мәселесін қарастырмайтыны айтылған.

    «Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға олардың банктік салымдары (депозиттері) бойынша төленетін сыйақылар жеке табыс салығымен салық салынуға жатпайды», – делінген түсіндірмеде.

    Осылайша, таралып жатқан ақпараттың заңды негізі жоқ.

    Орталық азаматтарды ақпарат тарату кезінде жауапкершілік танытуға, әсіресе негізсіз алаңдаушылық пен қоғамдық шиеленіс тудыруы мүмкін әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты мәліметтердің дұрыстығын тексеруге шақырды.

    Айта кетейік, бұған дейін, тамыз айында да банктік депозиттер бойынша пайыздарға 5 пайыздық салық енгізілетіні туралы ақпарат жоққа шығарылған болатын.

    Дереккөздер: NUR.KZ, Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұзынкөл ауданының әкімдігі" жаңалықтары