Қазақстанда әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскери қызметтен босату тәртібі жаңартылды

    Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды кейінге қалдыру туралы анықтамалар мен әскери билеттерді беру тәртібін қамтитын мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын жаңартты. Бұл туралы NUR.KZ хабарлады.

    Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінің сайтында «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» жаңа бұйрық жарияланды.

    Құжатта бейбіт уақытта әскери билеттер беру, әскери есепке қою, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыруға құқығы бар немесе әскери қызметтен босатылған азаматтарға тиісті құжаттарды беру тәртібі нақтыланған.

    Бұйрықта мемлекеттік қызмет көрсету талаптары, құжаттарда қателер анықталған жағдайда қабылданатын шаралар, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскери қызметтен босату негіздері көрсетілген.

    Қазақстанда кімдер әскерге шақыруды кейінге қалдыруға құқылы?

    Құжатқа сәйкес, әскерге шақыруды кейінге қалдыру мынадай азаматтарға берілуі мүмкін:

    1. Өзге адамның көмегіне мұқтаж, толық мемлекеттік қамсыздандыруда жоқ отбасы мүшелеріне күтім жасайтын, сондай-ақ оларды заң бойынша асырауға міндетті жақын туыстары немесе басқа да адамдары жоқ азаматтарға.

    2. Анасынсыз тәрбиеленіп жатқан баласы (балалары) бар азаматтарға.

    3. Ата-анасының қайтыс болуына, ата-ана құқықтарынан айырылуына немесе бас бостандығынан айыруға сотталуына байланысты кемінде екі жыл бойы өз тәрбиесінде және асырауында болған адамдарды асырап отырған азаматтарға.

    4. Некеде тұрған және бір немесе бірнеше баласы бар азаматтарға.

    5. Білім алып жатқан азаматтарға – оқу кезеңіне.

    6. Денсаулық жағдайына байланысты.

    7. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, мамандандырылған және арнаулы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда, балаларға қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіби қызмет атқаратын педагогтерге.

    8. Тиісті білімі бар және ауылдық жерде мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге.

    9. Қазақстан Республикасы Құрылтайының немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттарына.

    10. Өздеріне қатысты анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан, сондай-ақ қылмыстық істері сотта қаралып жатқан адамдарға.

    11. Тиісті білімі бар азаматтық авиацияның әуе кемелері экипаждарының мүшелеріне, инженерлеріне, механиктері мен техниктеріне.

    12. Тиісті білімі бар кеме экипаждарының мүшелеріне.

    13. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға.

    Кімдер әскери қызметтен босатылады?

    Бұйрықтың қосымшасында азаматтарды әскери қызметтен босату негіздері де көрсетілген. Оларға мыналар жатады:

    1. Денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар.

    2. Заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған және 27 жасқа толған азаматтар.

    3. Әскери қызмет өткеру кезінде қызметтік міндеттерін орындау барысында әкесі, анасы, ағасы, інісі, әпкесі немесе қарындасы (сіңлісі) қаза тапқан, қайтыс болған не бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жататын азаматтар.

    4. Басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген азаматтар.

    5. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткерген адамдар, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда.

    6. Ғылыми дәрежесі бар азаматтар.

    7. Тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметшілері.

    Бұйрықтың толық мәтінімен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінің сайтында танысуға болады.

    Бұйрық 2026 жылғы 3 қарашада ресми жарияланды және 13 қарашадан бастап күшіне енеді.

    Дереккөз: NUR.KZ, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұзынкөл ауданының әкімдігі" жаңалықтары