Жетісу облысы Алакөл ауданының Көктума ауылында 311-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Ол Көктума, Ақши ауылдары мен Көктума станциясын қоса алғанда, үш елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бекеттің қызмет көрсету аймағында 2 430 адам тұрады. Ал курорттық маусым кезінде мұнда бір мезетте 25-35 мың адамға дейін болады.
Ашылу салтанатына Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Адамбек Оразалинов, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Аханов, гарнизонның жеке құрамы және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жергілікті атқарушы орган тарапынан өрт сөндіру бекетін салуға және жабдықтауға қаражат бөлінді. ТЖМ бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасын тапсырды. Ғимаратта арнайы техникаға арналған бокс, диспетчерлік бөлме, демалыс бөлмесі, ас үй және душы бар санитарлық торап қарастырылған. Тәулік бойы кезекшілік атқаруға қолайлы жағдай жасау үшін электр жылыту жүйесі орнатылған.
Іс-шара барысында ТЖД басшылығы жаңа нысанның құрылысы мен жабдықталуына үлес қосқан азаматтарға ведомстволық наградалар табыстады. Бекет қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жаңа бекеттің ашылуы өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын қысқартып, әсіресе курорттық маусым кезінде өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









