2026 жылғы 1 ақпаннан бастап биіктігі 28 метрден асатын жаңа құрылыс нысандарын, сондай-ақ адамдар жаппай болатын объектілер санатына жататын ғимараттарды пайдалануға берер алдында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу қажет.
Қорытынды алу үшін өрт қауіпсіздігі бойынша барлық белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте өртке қарсы қорғау жүйелерінің жарамдылығына, өрт дабылы жүйесінің, адамдарды хабардар ету және эвакуациялауды басқару жүйелерінің, өрт сөндіру құралдарының болуына және жұмысқа жарамдылығына, сондай-ақ эвакуациялау жолдарының ашық болуына ерекше назар аудару керек.
Аталған талаптардың сақталуы құрылыстың барлық кезеңінде ескеріліп, нысанды пайдалануға бергенге дейін толық қамтамасыз етілуі тиіс. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі нысан иелеріне, құрылыс және пайдалану жұмыстарына жауапты тұлғаларға жүктеледі.
ТЖМ өрттің алдын алу шараларын уақтылы орындау өрт шығу қаупін азайтуға, адамдарды қауіпсіз эвакуациялауға және ықтимал қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салады.
Өрт қауіпсіздігі – адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың кепілі!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









