Шанхай, 2026 жылғы 6 қараша
Биыл 5 – 10 қараша аралығында Шанхай қаласында 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесі (China International Import Expo, CIIE) өтуде. Аталған көрмеге Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған қазақстандық делегация қатысуда.
Министр А.Шаққалиев «Хунцяо» халықаралық экономикалық форумына қатысты. Форумда Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары, сондай-ақ Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Дин Сюэсян бағдарламалық сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулдығы Қазақстан мен Қытайдың шығыс өңірлері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
ҚР-дың Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров делегация құрамында Қазақстанның ұлттық экспозициясымен танысып, отандық өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге, инвестициялар тартуға және Қытаймен сауда-логистикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған қытайлық және қазақстандық компаниялармен келіссөздерге қатысты.
2026 жылы Қазақстанның ұлттық экспозициясында тамақ және өңдеу өнеркәсібінің 40-қа жуық отандық өндірушісі өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында май-тоңмай, ұн тарту, кондитерлік және сүт өнімдері, сондай-ақ Қазақстанда өндірілген өзге де тауарлар бар.
Шанхай қаласында экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі ұлттық оператор – QazTrade орталығының ашылу рәсіміне ҚР Сауда және интеграция министрінің тікелей қатысуы осы сапардың маңызды іс-шарасына айналды. Орталықтың қызметі екі жақты сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесуге және отандық өнімдерді Қытай нарығына ілгерілетуге бағытталған.
Қытайдың ірі халықаралық сауда, қаржы және логистика орталықтарының бірі саналатын Шанхай қаласында QazTrade өкілдігінің ашылуы қазақстандық бизнестің қытайлық серіктестермен, оның ішінде Янцзы өзені атырауындағы өңірлермен өзара іс-қимылын кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер жасайды.
Қазақстанның CIIE көрмесіне қатысуы және Шанхайда QazTrade кеңсесінің ашылуы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтудың іс-жүзіне асырған кезекті қадам болды.
Анықтама: CIIE – 2018 жылдан бері әлемнің түрлі елдері мен өңірлерінен мыңдаған компанияны біріктіріп келе жатқан әлемдегі ең ірі сауда алаңдарының бірі. Қазақстан бұл көрмеге жыл сайын қатысады. Көрме шетелдік өндірушілерге Қытай нарығына шығуға, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және экспорттық келісімшарттар жасасуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









