Бразилиа, 2026 жылғы 5 қараша – Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшілігі Бразилия Федералдық Сенатының шақыруымен Әлемдік бейбітшілік жолындағы парламенттік топтың Консультативтік кеңесін құру жөніндегі ресми салтанатты рәсімге қатысты.
Жаңа парламенттік бастама сенатор Пауло Паимнің төрағалығымен және Консультативтік кеңестің Атқарушы Хатшысы, «Қазақстан – Бразилия» достық форумының президенті, бұрынғы сенатор Улиссес Риделдің басшылығымен құрылды.
Парламенттік топтың қызметі халықаралық диалог пен ынтымақтастықты нығайту, бейбітшілікті ілгерілету, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау, тұрақты дамуды қолдау және әлеуметтік теңсіздікті азайту бағытындағы іс-қимылды үйлестіру мақсатындағы тұрақты күн тәртібін қалыптастыруға бағытталған.
Осы бастама аясында Қазақстанға Консультативтік кеңестің құрамына кіру ұсынылды. Бұл еліміздің жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қарусыздануды ілгерілетуге, сондай-ақ конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға қосқан халықаралық үлесінің мойындалғанын білдіреді.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіне қосқан тарихи үлесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мұраға қалған ядролық арсеналдан еліміздің өз еркімен бас тартуы және 1991 жылы Семей ядролық полигонының жабылуы атап өтілді. Бұл шешімдер халықаралық ядролық қарусыздану тарихындағы маңызды белестерге айналып, Қазақстанның бейбітшілік, сенім және жаһандық қауіпсіздік қағидаттарына бейілділігін айқын көрсетті.
Сонымен қатар, Қазақстанның конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетудегі маңызды рөлі атап өтілді. Осы орайда Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметіне ерекше мән берілді. Аталған съезд түрлі конфессиялар, мәдениеттер мен халықтар өкілдері арасындағы өзара түсіністікті нығайту мен диалогты дамытуға арналған беделді халықаралық алаң ретінде танылды.
Қазақстанның Консультативтік кеңеске қатысуы парламентаралық байланыстарды кеңейтуге, Қазақстан мен Бразилия арасындағы ықпалдастықты нығайтуға, сондай-ақ халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілетуге қосымша мүмкіндіктер ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









