Қазақстан мен Аргентина стратегиялық салалардағы іскерлік байланыстарды нығайтуда

    1 / 2

    Астана, 2026жылғы21қазан– Аргентиналық компаниялар делегациясының Қазақстанға жұмыс сапары аясында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған іскерлік келіссөздер легі жалғасты. Делегация құрамына Қазақстан Республикасының Аргентинадағы Құрметті консулы, Қазақстан-Аргентина сауда палатасының президенті Сантьяго Де Лука, сондай-ақ Clear Petroleum S.A., CPC S.A. және DFM Consultores S.A. компанияларының өкілдері кірді.

    «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) делегацияның АХҚО басқарушысы Ренат Бектұровпен кездесуі өтті. Тараптар Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін және шетелдік капиталды тарту тетіктерін, соның ішінде геологиялық барлау және тау-кен өндіру саласындағы бастапқы даму кезеңіндегі жобаларға инвестиция тартуға арналған мамандандырылған Junior Mining Platform платформасын талқылады.

    Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Жанар Нұржановамен жеке кездесу өтті. Тараптар уран саласындағы ынтымақтастықты дамыту және серіктестік байланыстар орнату мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

    Аргентиналық делегация Қазақстандағы Солтүстік Каспий мұнай-газ жобасының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының өкілдерімен де келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында мұнай-газ секторындағы, оның ішінде мұнай сервистік қызметтер мен инфрақұрылымдық шешімдер саласындағы ықпалдастық перспективаларына баса назар аударылды.

    Жұмыс сапары Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Сапардың мақсаты – Қазақстан мен Аргентинаның іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайту, сондай-ақ іс жүзіндегі ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындау болып табылады.

    22 қазанда делегация Шымкент қаласындағы іскерлік бағдарламасын жалғастырып, Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстеліне (KGIR-2026) қатысады.

    Анықтамалық: «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – инвестициялар тартуға және халықаралық бизнесті дамытуға арналған мамандандырылған құқықтық, қаржылық және іскерлік инфрақұрылымды ұсынатын Қазақстанның халықаралық қаржы орталығы. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның ұлттық атом компаниясы және табиғи уран өндіру бойынша әлемдегі ең ірі өндіруші. North Caspian Operating Company (NCOC) – Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларының бірі болып табылатын Солтүстік Каспий жобасының операциялық қызметін жүзеге асыратын халықаралық консорциум.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары