Қауіпсіздікке бірге үлес қосайық: Алматы тұрғындары құқық бұзушылық туралы QR-код арқылы хабарлай алады

    Алматыда 5 қазан мен 5 қараша аралығында «Қауіпсіз үй» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шара аясында аудандық полиция басқармаларының учаскелік инспекторлары қала аумағында тұрғындарға құқық бұзушылық туралы жедел хабарлауға мүмкіндік беретін QR-коды бар ақпараттық парақшаларды орналастыруда.

    Бұл тәсіл полицияға хабарласуды жеңілдетіп, тұрғындар мен полиция арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар қала тұрғындарының қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

    Құқық бұзушылық туралы хабарлау үшін QR-кодты сканерлеп, оқиғаның мән-жайын сипаттап, нақты мекенжайын көрсету және кемінде бір фотосурет тіркеу қажет. Келіп түскен ақпаратты полиция қызметкерлері зерделеп, өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды.

    Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев тұрғындардың белсенділігі құқық бұзушылықтың алдын алуға және қалада қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

    «Қоғамдық қауіпсіздік полиция мен тұрғындардың бірлескен жұмысы арқылы қамтамасыз етіледі. Құқық бұзушылық туралы ақпарат неғұрлым ерте түссе, соғұрлым жедел әрекет етіп, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік бар. QR-код – тұрғындардың полициямен байланысуына арналған қосымша әрі қолайлы құрал. Ол қаладағы мәселелер туралы хабарлап, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосуға мүмкіндік береді. Алматы тұрғындарын қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамай, анықталған құқық бұзушылықтар туралы полицияға дер кезінде хабарлауға және қаламыздың қауіпсіз әрі жайлы болуына атсалысуға шақырамыз», – деді Тимур Ноғайбаев.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары