Астана, 2026 жылғы 20 қазан - Аргентиналық компаниялар делегациясының Қазақстанға жұмыс сапары аясында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар іскерлік кездесулер өтті. Делегация құрамына Қазақстан Республикасының Аргентинадағы Құрметті консулы, Қазақстан-Аргентина сауда палатасының президенті Сантьяго Де Лука, сондай-ақ Clear Petroleum S.A., CPC S.A. және DFM Consultores S.A. компанияларының өкілдері кірді.
«ҚМГ Инжиниринг» ЖШС-де өткен келіссөздер барысында аргентиналық компаниялардың мұнай-газ саласындағы тәжірибесін Қазақстанда қолдану мүмкіндіктері, оның ішінде өндіруші кәсіпорындарға сервистік қызмет көрсету, өндірістік инфрақұрылымды инженерлік сүйемелдеу, сондай-ақ кен орындарында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мәселелері талқыланды.
Тараптар кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастық перспективаларын одан әрі пысықтау мақсатымен байланыс деректерімен алмасты. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде мұнай-газ саласындағы ықпалдастықты кеңейту, өндірістік кооперацияны дамыту және аргентиналық компаниялардың Қазақстандағы салалық жобаларға қатысу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасу өтткізілді.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасында өткен кездесуде әлеуетті серіктестерді іздеу, бірлескен кәсіпорындар құру, жер қойнауын пайдалану жобаларына және қазақстандық ірі компаниялардың сатып алу рәсімдеріне қатысу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, өндірісті жергіліктендіру, Қазақстан нарығына шығу шарттары мен өзара бизнес-миссияларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қаралды.
Сапар Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің жәрдемдесуімен ұйымдастырылып, Қазақстан мен Аргентина арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға және өнеркәсіптік-инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға бағытталған.
20–23 қазан аралығына жоспарланған сапар бағдарламасы қазақстандық компаниялармен және инвестициялық институттармен одан әрі келіссөздер жүргізуді, сондай-ақ Шымкент қаласында өтетін Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстеліне (KGIR-2026) қатысуды көздейді.
Анықтамалық:Clear Petroleum S.A. - мұнай-газ ұңғымаларына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, мұнай-газ кен орындарын пайдалану, сондай-ақ өндірістік-техникалық қызметтер көрсетуге маманданған аргентиналық мұнай сервистік компаниясы.
CPC S.A. - энергетика, өнеркәсіптік құрылыс, сумен жабдықтау және су бұру салаларын қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын аргентиналық инженерлік-құрылыс компаниясы.
DFM Consultores S.A. - инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамыту саласындағы қызмет көрсететін аргентиналық консалтингтік компаниясы.









