Бразилияда Республика күні кітаптың тұсаукесерімен атап өтілді

    1 / 10

    Бразилиа, 2026жылғы21қазан – Қазақстан Республикасының Республика күніне орай Бразилия астанасында португал тілінде жарық көрген қазақтың халық ертегілері жинағының тұсаукесері өтті. Кітап «Бразилиядағы қазақ кітапханасы» жобасы аясында басылып шықты. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Елшілігі «Қазақстан – Бразилия» достық форумы және Бразилияның School of Nations мектебінің қолдауымен ұйымдастырды.

    Тұсаукесерге Бразилияның зияткерлік, академиялық және мәдени мекемелерінің өкілдері, дипломатиялық корпус, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ School of Nations мектебінің оқушылары қатысты. Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов өзінің құттықтау сөзінде Республика күнінің Қазақстан мемлекеттілігі мен тәуелсіздігінің маңызды нышаны ретіндегі айрықша маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол халық ертегілері әрбір халықтың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі екенін, оның дүниетанымын, адамгершілік құндылықтары мен дәстүрлерін бейнелейтінін және әртүрлі мәдениет өкілдерінің өзара түсіністігін нығайтуға ықпал ететінін атап көрсетті. Елші қазақ халық ертегілерінің португал тілінде жарық көруі, Бразилияның ең жас оқырмандарының Қазақстан туралы түсінігін кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

    Құттықтау сөздерімен және таныстырылымдармен «Қазақстан – Бразилия» достық форумының президенті, бұрынғы сенатор Улиссес Риддель, «Бразилия – Қазақстан» сауда палатасының президенті Кассиано Виана, School of Nations мектебі директорының орынбасары Барбара да Силва Видал сөз сөйледі. Достық форумының атқарушы директоры әрі кітаптың аудармашысы, профессор Эдельсио Америко балаларды қазақ ертегілерінің кейіпкерлерімен, олардың сюжеттерімен және тағылымдық мазмұнымен таныстырды. Кітапты оқу Бразилияда қазақ мәдениеті мен әдебиетін кеңінен насихаттау жолындағы маңызды қадам болды.

    Іс-шара Қазақстан Елшілігі қызметкерлерінің балалары орындаған «Ертегілер» әнімен аяқталды. Қонақтарға Қазақстанның аспаздық дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген қазақтың ұлттық тағамдары да ұсынылды.

    2026 жылы Қазақстан мен Бразилия дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуын атап өтуде. «Бразилиядағы қазақ кітапханасы» жобасының жүзеге асырылуы, екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға, мәдени диалогты кеңейтуге және қазақ халқының әдеби әрі рухани мұрасымен таныстыруға елеулі үлес қосады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары