2026 жылдан бастап жерге қатысты бірқатар мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілді

    2026 жылдан бастап жерге қатысты бірқатар мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілді: жердің нысаналы мақсатын өзгерту, жалдау мерзімін ұзарту және жер учаскесін жекеменшікке сатып алу онлайн рәсімделеді. Жер қатынастары саласындағы жаңа мүмкіндіктер: қызметтер цифрлық форматқа көшуде
    Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл үрдіс жер қатынастары саласын да қамтып, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін жерге қатысты бірқатар қызметтерді алуды жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
    2026 жылдың қаңтар айынан бастап жер қатынастары саласындағы бірқатар қызметтерді электронды түрде алу мүмкіндігі кеңейді. Атап айтқанда, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, жалдау мерзімін ұзарту және жер учаскесін жекеменшікке сатып алу бойынша өтініштерді онлайн беруге болады.
    Бұл қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы рәсімдеу азаматтардың уақытын үнемдеп, құжаттарды жинау және мемлекеттік органдарға жүгіну қажеттілігін азайтады. Сонымен қатар өтініштің қаралу барысын онлайн бақылауға мүмкіндік бар.
    Жер қатынастарын цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі – Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесін пайдалану. Оның құрамында жер учаскелері туралы мәліметтерді көруге мүмкіндік беретін Жария кадастрлық карта қарастырылған. Картада жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларынан алынған ақпараттар қамтылады.
    Сондай-ақ жер учаскелерін электронды форматта беру және электронды аукциондар өткізу тетіктері енгізілуде. Бұл жер қатынастары саласындағы рәсімдердің ашықтығын арттыруға және азаматтардың қажетті ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
    Бұдан бөлек, жер қатынастарына байланысты басқа да мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен онлайн форматқа ауыстырылуда. Олардың қатарында мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат алу, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау, жер учаскесін келісу, жер учаскесіне актілер дайындау және жердің сапалық жағдайы туралы ақпарат алу қызметтері бар.
    Цифрландырудың басты мақсаты – азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, рәсімдерді жеңілдету, уақытты үнемдеу және жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Кентау қаласы әкімдігінің аппараты" жаңалықтары