«ҚАЗАҚСТАН – ЖҮРЕКТЕГІ ЕЛ, АРМАНДАҒАН ОТАН» АТТЫ ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРА
Қазақстан Республикасының күніне орай Еңбекші ауылдық округіне қарасты Зылиха Тамшыбай атындағы орта мектепте «Қазақстан – жүректегі ел, армандаған Отан» атты танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараны Еңбекші ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы, Зылиха Тамшыбай ауылының мәдениет үйінің кітапханашысы және мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бірлесе ұйымдастырды.
Мерекелік шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, туған жерге деген құрметін арттыру, мемлекеттік тілді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және жастардың ел тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін кеңейту.
Іс-шара барысында қатысушыларға арналған төрт кезеңнен тұратын танымдық ойын өткізілді. Ойын барысында жастар өз білімдерін сынап, Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары туралы білімдерін ортаға салды. Әр кезең қатысушылардың ой-өрісін кеңейтіп, тапқырлықтарын шыңдауға және бірлесе жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталды.
Бұл күн тек мерекелік кездесу ғана емес, сонымен қатар туған елімізді тереңірек танып, білімімізді сынап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ерекше сәт болды. Жастарға туған жерін құрметтеу, ана тілін ардақтау, елінің тарихын білу және Отан алдындағы жауапкершілікті сезіну туралы тағылымды ойлар айтылды.
Отанға деген сүйіспеншілік – туған жерге құрметтен, ана тіліне жанашырлықтан және ел болашағына деген жауапкершіліктен басталады. Осындай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты нығайтып, елжандылық қасиеттерді қалыптастыруға өз үлесін қосады. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, мақтанышымыз және жарқын болашағымыз!
Барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының күнімен құттықтаймыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!









