Ақмола облысының Ақкөл қаласында Қазақстан Республикасы Құрылтайының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары комитет төрағасы Марат Қожаевтың жетекшілігімен ТЖМ әскери бөлімін жаңғырту нәтижелерімен және әскери қызмет өткеру жағдайларымен танысты.
ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы, генерал-майор Арман Қалиев пен әскери бөлім командирі Болатхан Смағұлов бөлімнің қызметі, жеке құрамның даярлығы және әскери қалашықты жаңарту бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Депутаттарға казармалар, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, сондай-ақ әскери қызметшілердің қызмет атқаруы мен тынығуына жасалған жағдайлар көрсетілді.
Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға ерекше назар аударылды. Депутаттар әскери қызметшілермен әңгімелесіп, олардың күнделікті өмірі, жауынгерлік даярлығы және тұру жағдайларына қызығушылық танытты. Сарбаздар асханасында тамақтану тәртібімен танысып, жеке құрамның күнделікті ас мәзіріндегі тағамдардан дәм татты.
Қазақстан ТЖМ әскери инфрақұрылымды жаңғырту, әскери қызмет өткеру үшін заманауи жағдайлар жасау және азаматтық қорғау бөлімшелерінің халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау міндеттерін орындауға әзірлігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









