Тбилиси, 6 қараша – Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшісі Талғат Адуов Түрікменстанның Грузиядағы Елшісі Довлетмырат Сейитмаммедовке ілтипат сапарымен барды.
Кездесу басында түрікмен дипломаты Талғат Адуовты қызметке тағайындалуымен құттықтап, Грузиядағы дипломатиялық миссиясына табыс пен жемісті жұмыс тіледі.
Әңгімелесу барысында елшілер Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту аясында одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сұхбаттастар өз елдерінің Грузиямен қарым-қатынастары, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын өзге де мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Елші Т. Адуов әріптесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды.
Кездесу соңында дипломаттар байланыстарды жалғастыруға және өзара ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









