5 қарашада Астанада Қазақстан–Тәжікстан бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.
Форум аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық әлеуеті мен шетелдік инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерін таныстырды.
Өз сөзінде ол Қазақстанның экономикалық дамуына, көлік-логистикалық инфрақұрылымына, агроөнеркәсіптік және өнеркәсіптік әлеуетіне тоқталды. Сондай-ақ инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, арнайы экономикалық аймақтар мен инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу тетіктері туралы айтты.
Бүгінде Қазақстанда экономиканың басым салалары бойынша 130-дан астам дайын инвестициялық жоба ұсынылған. Олардың қатарында агроөнеркәсіп, металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика және туризм бағыттары бар.
Форум қорытындысы бойынша жалпы құны 135,3 млн АҚШ долларын құрайтын 11 екіжақты келісімге қол қойылды.
Іс-шара Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және жаңа бірлескен инвестициялық бастамаларды дамытуға бағытталды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







