2026 жылғы 22 қазанда Шымкент қаласында өткен Жаһандық инвестициялар жөніндегі IX қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR)аясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев Аргентина, Непал, Норвегия, Түркия және Франция компанияларының өкілдерімен бес екіжақты кездесу өткізді. Кездесулерге «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов қатысты.
Түркияның Şekerlisoy Holding холдингінің негізін қалаушы әрі бас директоры Онур Шекерлисоймен фармацевтика және денсаулық сақтау салаларындағы жобалар талқыланды. Холдинг Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында дайын дәрілік препараттар мен белсенді фармацевтикалық субстанциялар өндіретін интеграцияланған кешен құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар компания Ұлттық ғылыми онкология орталығы базасында медициналық генетика зертханасын ашу бастамасын ұсынды. Тараптар Инвестициялар туралы келісім жасасу жөніндегі келесі қадамдарды талқылады.
Непалдың CG Corp Global (Chaudhary Group) компаниялар тобының өкілдерімен Қазақстандағы қолданыстағы өндірісті кеңейту және жаңа жобаларды іске асыру перспективалары қаралды. Аталған компаниялар тобы Қазақстанда 2018 жылдан бері жұмыс істейді: «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның қолдауымен Түркістан облысындағы тез дайындалатын кеспе өндіретін зауытты сатып алып, жаңғыртты.
Danoneкомпаниясының Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия бойынша Бас директорының орынбасары Азамат Ромазановпен және FoodMaster (Lactalis Kazakhstan) компаниясының өкілімен кездесуде олардың Қазақстан нарығындағы қызметіне қатысты өзекті мәселелер, соның ішінде өндірістік және логистикалық процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері қаралды. Алматы облысындағы Danone зауыты – компанияның Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия өңіріндегі жалғыз өндірістік алаңы. Мұнда өндірілген өнімнің шамамен үштен бірі өңір елдеріне экспортталады. Кездесу барысында жұмыс істеп тұрған инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға, сауда жеткізілімдерінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылды.
Норвегияның Jotun компаниясының Түркиядағы бөлімшесінің экспорт жөніндегі директоры Шафак Караханмен компанияның Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейту перспективалары талқыланды. Jotun – бояулар мен қорғаныш жабындарын өндіретін халықаралық компания. Компанияның 40 өндірістік алаңы бар, ол әлемнің 100-ден астам елінде жұмыс істейді.
Аргентина делегациясыныңқұрамында Қазақстан Республикасының Буэнос-Айрестегі құрметті консулы, Аргентина-Қазақстан палатасының президенті Сантьяго Делука, сондай-ақ Clear Petroleum S.A. мұнай сервистік компаниясының, CPC S.A. инженерлік-құрылыс компаниясының және DFM Consultores S.A. консалтингтік компаниясының басшылары болды. Кездесу барысында Аргентина бизнесінің Қазақстандағы мұнай-газ сервистік жобаларына және инфрақұрылымдық құрылысқа қатысу мүмкіндіктері қаралды.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар өзекті мәселелерді жедел қарауға және еліміздегі кәсіпкерлік қызметтің тұрақты дамуын қолдауға бағытталған мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогтың маңызын атап өтті.





